КЕҢЕС
Саусақ жаттығуларының баланың сөйлеу тілін дамытудағы маңыздылығы
Мақсаты: Саусақ ойыны арқылы баланың сөйлеуге деген талпынысын, қабілетін дамып, ынтасын артыру және шығармашылық әрекетіне жол ашу.
Саусақ ойыны - бұл ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан, әрі үлкен мәні бар мәдени шығармашылық.
Саусақ ойыны арқылы баланың сөйлеуге деген талпынысы, қабілеті дамып, ынтасы артады және шығармашылық әрекетіне жол ашылады. Саусақ ойынан ойнай отырып, балалар қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарды, жан-жануарларды, құстарды, ағаштарды бейнелей алады. Саусақтарының қимыл-қозғалысына қарап, бала қуанады, шаттанады, сөзді айтуға тырысады, өлеңдегі үйренген сөз шұмақтарын қайталап айта отырып, есінде сақтайтын болады. Соңымен қатар бала екі қолын қимылдата отырып кеңістікті бағдарлауды үйренеді.
Ал тіл кемістігі кездесетін балалардың жалпы қимылдары, соның ішінде саусақ бұлшық етінің қимылдары жеткілікті деңгейде дамымайды.
Сөйлеу тілі мүшелері әрекетінің дамуы, қол саусақтарының нәзік қимылдарының дамуымен тығыз байланыста болғандықтан, бала қолының ептілігін толық жетілдіру, түзету тәрбие жұмысын жүйелі жүргізуді қалайды.
Саусақ ойынын балабақшада және үй жағдайында әсерлі, көңілді түрде ұйымдастыруға болады. Алдымен балаларға саусақ ойындары түсіндіріліп, қимылы көрсетіледі.
Тордағы құс
Обал жасап құстарға.
Торға қамап ұстама!
Құс боп неге жаралды,
Еркін самғап ұшпаса?
(Екі қолыңның саусақтарын бір-біріне тигізіп, құстын торын жасау. Қолдарыңды айқастырып, құстың қанатын жасау).
Қолшатыр
Ылғал етіп ауаны,
Жаңбыр жиі жауады.
Алда алыс жол жатыр,
Кел, ұстайық қолшатыр.
(Саусақтарыңмен парта бетін тырсылдатып,жауған жаңбырдың дыбысын келтіру. Екі қолыңды жоғары көтеріп, қолшатырға ұқсап та, біраз уақыт ұстап тұру).
Ара
Ара гүлден гүлге ұшып,
Бал жинауға асығады.
Аю ұрлап кетпесін деп,
Ұясына жасырады.
(Алақандарыңды жазып, араның қанатын келтіру, Саусақтарыңды аюдың аяғы деп ойла да, парта бетіне жүргізу).